«II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиумы өтуде

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиумы басталды. Келелі кездесуге Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі арнайы қатысып, зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және студенттер талқы алаңында бас қосты.
    Симпозиумның басты мақсаты – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау, жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралау.
   Ауқымды шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және «Bilig» Түрік әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бірлесе ұйымдастыруымен өтуде.
   Симпозиумға қатысушылар алдымен «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фотокөрмесін тамашалады. Сонымен қатар Түрік халықтарының зияткерлік ойындары көрмесі мен «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
    Симпозиум аясында ұйымдастырылған «Ғылым мен технологиялар тоғысындағы қазақ тілінің болашағы» тақырыбындағы пленарлық отырыста Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.
    Пленарлық отырыста Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Мемлекет және қоғам қайраткері, тіл маманы, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, «Bilig» журналының редакторы Фырат Пурташ алғысөз алып, тақырып төңірегінде ой қозғады.