Келестік шаруа күніне 3 мың дана бөдене жұмыртқасын саудалайды

Келес ауданына қарасты Біртілек ауылдық округі аумағындағы «Asyl qus» шаруа қожалығы 3 мыңнан аса бөдене құсын өсіріп отыр. Жоба 2022 жылы толық іске қосылған. Жалпы құны 16 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер бүгінде жұмыртқамен қатар бөдене етін де экспортқа шығарып үлгерген.
– Бұл жобамыз отбасылық кәсіпке айналды. Бұған дейін бірнеше кәсіптерді қолға алып көрдік. Дегенмен, осы кәсіп арқылы табысқа кенеліп отырмыз. Бөденені бастапқыда сатып алсақ, бүгінде өзіміз өндіріп көбейтіп жатырмыз. Күніне 3 мыңға жуық бөдене жұмыртқасын еліміздің ірі қалалары мен облыс аумағындағы аудан-қалаларға жібереміз. Бұдан бөлек, бөдене етін де сатылымға шығардық. Сұраныс жоғары. Үйренем деушілерге арнайы курстар ұйымдастырып, кәсіптің қыр-сырымен таныстырамыз, – дейді «Asyl qus» бөдене құс шаруашылығының директоры Диана Есенова.
Кәсіпкер 9 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар мемлекеттік бағдарлама аясында жергілікті тұрғындар арасынан алынған. Қожалық иесі алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Дереккөз: TuranSmart.kz