Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысты

Мемлекет басшысы сөз басында қонақжайлық танытып, Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевке ілтипат білдіріп, Әзербайжанның аталған кеңеске толық мүше ретінде қосылуын тарихи шешім деп бағалады. Сондай-ақ Бакудің жаңа статуста аймақ ынтымақтастығын кеңейтуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім артты.

Президент Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулері өз тиімділігін дәлелдегенін айтты.

– Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Жабық шекаралар мен оқшауланудың уақыты өтті. Мұны сеніммен айтуға болады. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Бұл елдеріміздің дамуына және халықаралық ынтымақтастыққа кеңінен жол ашты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері өңірдің жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды. Сондықтан «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық артып келеді. Бұған биыл негізгі шетелдік серіктестермен өткен саммиттер дәлел бола алады. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау, елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету. Орталық Азияның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамыған әрі жан-жақты ынтымақтастық пен бейбітшілік орнаған берекелі өңір ретіндегі мәртебесін нығайтуды көздейміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік ықпалдастықтың экономикалық негізін күшейткен толайым табыстарға тоқталды.

– Өндіріс, энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіп және басқа да секторларда бірлескен кәсіпорындардың саны көбейіп, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сауда кедергілері біртіндеп жойылып, жаңа өткізу бекеттері ашылып, авто, теміржол арқылы байланыс жанданып келеді. Нәтижесінде былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін осы қарқынды сақтау қажет деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы перспективті салаларда серпінді жобаларды бірлесе іске қосуды ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан бидайды, майлы дақылдарды, ет-сүт өнімдерін терең өңдеу, мал және органикалық егін шаруашылықтарын дамыту арқылы бұл бағытта тиімді жұмыс атқаруға дайын. Сонымен қатар заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар салу, ішкі нарыққа және экспортқа арналған дайын тағам өнімдерін өндіру бағыттарының келешегі зор.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту өңір елдері үшін негізгі басымдық саналады. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентін Самарқанд қаласында ЮНЕСКО-ның Бас конференциясын табысты өткізуімен құттықтады.

Президент ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтаудың, ұлттық қолөнерді насихаттау және тұрақты түрде бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың маңызына назар аударды. Кинематография саласында, сондай-ақ заманауи туристік кластерлер құру және жаңа технологияларды пайдалану арқылы Ұлы Жібек жолының мұрасын дәріптеуде біршама іс тындыруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығынан алған әсерімен бөлісіп, Шавкат Мирзиёевтің аталған мекемені ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін ортақ алаңға айналдыру жөніндегі бастамасын қолдады.

Мемлекет басшысы әлемдегі геосаяси дүрбелең жағдайында өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті күшейтудің мәні зор екенін айтты. Бұл ретте Президент Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан шекараларының түйісу нүктесі туралы шарттарға қолдау білдіріп, бұл мәмілелерді маңызды қадам ретінде бағалады. Бұдан бөлек, жақында Тәжікстанның XXI ғасырдағы Достық жөніндегі шартқа қосылуын елеулі шешім деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өңір әлі де терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы және трансұлттық қылмыс секілді сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл қауіптерді бірлесіп қана еңсеруге болады. Осы бағыттағы жұмыс өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшылары деңгейінде жүргізілуге тиіс.

Саммитте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев сөз сөйледі. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бейнеүндеу жолдады.