Түркістанда Оңтүстік Кореяның IT университетінің филиалы ашылады

Түркістан қаласында биыл Оңтүстік Кореяның “Woosong” университетінің филиалының ашылуы жоспарланып отыр. Осыған орай, “Конгресс холл” көпсалалы кешенінде Қазақ-Корей халықаралық білім ордасының таныстырылымы өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, “Woosong” университетінің өкілдері, ұстаздар, ата-аналар мен болашақ түлектер қатысты.

Басқосуда алғысөз алған облыс әкімінің орынбасары жастарға сапалы халықаралық білім алуға үлкен мүмкіндік туып отырғанын тілге тиек етіп, түлектерді берілген мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

“Бүгін Оңтүстік Кореяның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – “Вусонг” университеті филиалының Түркістан қаласында ашылуына орай, толық ақпарат беру үшін университет өкілдері алдарыңызға келіп отыр. Бұл бастама – Түркістанды білім мен ғылымның орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам, жастарымызға сапалы халықаралық білім алуға берілген тамаша мүмкіндік. Бұл унивеститеттің ашылуы – біздің өңірдегі білім беру саласының жаңа деңгейге көтерілуінің айқын дәлелі. Мұнда тек жоғары деңгейлі академиялық білім ғана емес, Оңтүстік Кореяның заманауи технологиялары мен тәжірибелік оқыту әдістері де ұсынылмақ!” – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Жиында Оңтүстік Кореяның Халықаралық істер департаментінің деканы Шим Хэк Чже бастаған “Woosong” университетінің өкілдері Корея елінің әлемдік деңгейдегі орнына тоқталып, университеттің тыныс-тіршілігін таныстырды. Қатысушылардың сұрағына жауап беріп, білім ордасы беретін мүмкіндіктер туралы ақпараттандырды.