Жетісай драма театрының фестивалі өз мәресіне жетті

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры 55-маусымының жабылуы аясында ұйымдастырылған «Қарашаңырақ-2024» театрішілік фестивалі өз мәресіне жетті.
Фестивальге Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры Зухра Исламбаева, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Ержігіт Сартаев, Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі Мұқанғали Томанов, Түркістан музыкалық драма театрының труппа меңгерушісі Марат Әли және театрдың директоры Орал Камал қазылық етті.
Байқау барысында театр репертуарынан он қойылым сахналанып, нәтижесінде 7 номинация бойынша үздіктер анықталды. Атап айтар болсақ, «Ең үздік спектакль» номинациясымен «Қайдасың Гаухар?» қойылымы, «Үздік эпизодтық ер адам» номинациясымен актер Қазыбек Әуелбек, «Үздік эпизодтық әйел адам» номинациясымен Райхан Әжібек, «Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен Арман Өтебеков, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясымен Бақытгүл Қалдарбекова, «Үздік режиссерлық шешім» номинациясымен «Тастамашы анашым» қойылымының режиссері Аридаш Оспанбаева, «Үздік сценографиялық шешім» номинациясымен «Махаббат бер…!» қойылымының суретшісі Бақыт Сраилов, театр директорының арнайы жүлдесімен Сағитжан Әріпханов, қазылар алқасының арнайы жүлдесімен Балжан Тағандұр, Гульвира Абдразахова, Елдос Ақылов, Жанбол Файзиев марапатталды.
Айта кетейік, фестивальдің негізгі мақсаты – өзгеше өнер өрнегін көрсеткен кәсіби мамандарды анықтау, өнер ошағындағы әртістердің шығармашылық шабытын арттыру, бәсекеге қабілеттілігін шыңдау.