Сарыағашта «Ғасыр белесіндегі білім ордасы» атты салтанатты шара өтті

Сарыағаш қаласында орналасқан №1 М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының 100 жылдық мерейтойына арналған «Ғасыр белесіндегі білім ордасы» атты салтанатты шара өтті. Салтанатты жиынға ардагер ұстаздар, мектеп түлектері мен оқушылар, ұстаздар қауымы, ата-аналар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Іс-шара мектеп ауласындағы қазақ әдебиетінің классик жазушысы М. Әуезовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Білім ордасының үздік түлектерінің бірі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мерекелік жиынға арнайы қатысып, жиналған жұртшылықты құттықтады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев білім ордасының ұжымын құттықтап, ұлағатты ұстаздарды білім жолындағы ерен еңбектері үшін облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Салтанатты шара аудандық мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі Арман Абдуллаев ғасырлық тарихы бар білім беру ордасының ұжымын құттықтап, озат ұстаздарды марапаттады. Мерекелік шара барысында мектептің түлегі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, “Тәшенев университеті” АҚ Басқарма басшысы – Оңалбай Аяшев бірқатар ұстаздарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Салтанатты шара соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары және мектеп-гимназия ұстаздары мен оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.