Қазақстанда үш жаңа СЭС салынады

Қазақстанда үш шағын гидроэлектр станциясын салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.
Министрліктің мәліметінше, “Қазсушар” мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
“Сондай-ақ тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады”, – делінген хабарламада.
Бұл жұмыстар былтыр қыркүйекте қабылданған “Қазсушар” РМК-ның гидротехникалық құрылысжайларында шағын СЭС дамыту жөніндегі Жол картасы аясында жүргізіліп жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта шағын СЭС орнатуға жарамды 29 нысан іріктеліп алынған.




